Редакция таңдауы

Түркістандық оқушылардың жетістігі қуантады

Түркістан қаласының білім беру саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, білім сапасын арттыру, қолжетімді әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты жалпы 247 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 81 мектеп (38 мемлекеттік, 43 жекеменшік), 160 мектепке дейінгі ұйым (21 мемлекеттік, 139 жекеменшік) және 6 мектептен тыс мекеме халыққа сапалы білім мен тәрбие беру бағытында қызмет атқаруда.

Жалпы білім беретін мектептерде 59 502 оқушы білім алып, жан-жақты тәрбиеленуде. Ал мектепке дейінгі ұйымдарда 18 883 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 3 678 бала мемлекеттік балабақшаларда, 15 205 бала жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленуде.

Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі де тұрақты бақылауда. Бүгінде 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 99,6 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта балабақша кезегінде 1261 бала тұр. Бұл бағытта жаңа орындар ашу және жеке инвестицияларды тарту арқылы кезекті азайту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында мектептен тыс білім беру ұйымдарының жұмысы да жүйелі жүргізілуде. Қаладағы 6 мектептен тыс мекемеде 4054 оқушы түрлі бағыттағы үйірмелер мен шығармашылық бірлестіктерге қатысып, қосымша білім алуда. Бұл балалардың өнерге, ғылымға, техникаға, спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан қаласының білім саласындағы жетістіктерінің бірі – білім сапасының тұрақты өсуі. Соңғы бірнеше жыл қатарынан қала облыс аудандары арасында көш бастап келеді. 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 65,5 пайызды құрады. Бұл өткен оқу жылындағы 64,4 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда 1,1 пайызға жоғары.

Білім сапасының артуы тек статистикалық көрсеткіштермен ғана емес, оқушылардың түрлі деңгейдегі білім сайыстарындағы жетістіктерімен де дәлелденіп келеді. Түркістандық оқушылар облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, пәндік жарыстар мен зияткерлік додаларда жүлделі орындарға ие болып, қаланың абыройын асқақтатуда.

Білім беру саласындағы маңызды бағыттардың бірі – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастыру. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдау жөніндегі қаулысына сәйкес, Түркістан қаласында инклюзивті білім беру жүйесін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

2022–2023 оқу жылынан бастап инклюзивті білім беру үшін қажетті жағдайлар жасалған мектептердің үлесін арттыру мақсатында 15 мектепте 294 балаға арналған түзете-дамыту сыныптары ашылды. Сонымен қатар, қаладағы №16 Т.Бигелдинов, №24 М.Шоқай, №1 А.Байтұрсынов және №21 М.Пошанов атындағы мектептер жанынан құрылған 4 инклюзивті білім беру ресурстық орталығында 69 бала қажетті педагогикалық-психологиялық қолдау алуда.

Бұдан бөлек, 4 жалпы білім беретін мектепте ашылған арнайы сыныптарда 89 оқушы, ал инклюзивті сыныптарда 28 бала білім алып жатыр. Сондай-ақ, білім бөліміне қарасты 9 балабақшада 3–5 жас аралығындағы балаларға арналған 9 арнайы топ жұмыс істеп, онда 72 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жалпы алғанда, бүгінде 552 ерекше білім беруді қажет ететін бала инклюзивті біліммен қамтылған.

Инклюзивті білім беру тек оқу процесімен ғана шектелмейді. Бұл бағытта педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұғалімдер мен мамандар тұрақты түрде арнайы курстардан өтіп, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруде.

Алдағы кезеңде де білім сапасын арттыру, цифрлық білім беру технологияларын кеңінен енгізу, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, оқушылардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамыту, сондай-ақ инклюзивті білім беру мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар