Редакция таңдауы

Түлкібас ауданында жалпы білім сапасында айтарлықтай өсім байқалады

Түлкібас ауданында білім беру саласын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. 2025–2026 оқу жылының қорытындылары аудан мектептерінде білім сапасының тұрақты артып, оқушылардың оқу жетістіктері мен үлгерім көрсеткіштерінің жоғарылағанын айқын көрсетті.

Ауданда білім алушылар контингентінің тұрақты өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде өңірдегі демографиялық өсіммен қатар, білім беру жүйесіне деген сенімнің де жоғары екенін аңғартады. 2025–2026 оқу жылының І тоқсанында аудан мектептерінде 20 330 оқушы білім алса, оқу жылының соңына қарай олардың саны 20 449-ға жетіп, 119 оқушыға артты. Жылдық қорытынды бойынша аудан мектептеріндегі жалпы контингент 20 443 оқушыны құрады.

Оқушылар санының жыл сайын артуы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жетілдіруді, педагогикалық әлеуетті күшейтуді және сапалы білім беру ортасын қалыптастыруды талап етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Оқу жылы барысында аудан мектептерінде білім сапасының тұрақты өсімі байқалды. Егер І тоқсанда білім сапасы 54,62 пайызды құраса, ІІ тоқсанда бұл көрсеткіш 57,24 пайызға, ІІІ тоқсанда 58,98 пайызға, ал ІV тоқсанда 59,54 пайызға дейін өсті. Жылдық қорытынды бағалау нәтижесінде аудан бойынша жалпы білім сапасы 60,99 пайызға жетті. Бұл оқу жылының басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 6,37 пайыздық өсімді білдіреді.

Мұндай нәтижеге қол жеткізуге оқу процесін тиімді ұйымдастыру, әдістемелік қолдау жұмыстарын күшейту, оқушылардың біліміндегі олқылықтарды уақытылы анықтап, оларды жою бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстар ықпал етті.

Түлкібас ауданында оқу үлгерімі де жоғары деңгейде сақталды. Оқу жылы бойы аудан мектептерінде үлгерім көрсеткіші 100 пайызды құрап, бірде-бір үлгермеуші оқушы тіркелген жоқ. І тоқсандағы 99,99 пайыздық көрсеткіштен кейін оқу үлгерімі толық қалпына келіп, тұрақты нәтижеге қол жеткізілді.

Сонымен қатар, оқушылардың орташа үлгерім балы да артты. Оқу жылының басында 3,95 болған орташа балл жыл соңында 4,05-ке дейін көтерілді. Бұл оқушылардың білімді меңгеру деңгейінің жақсарғанын және оқу сапасының жүйелі түрде өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Білім сапасының артуы үздік және жақсы оқитын оқушылар санының көбеюінен де анық байқалады. Жыл басында 3 716 оқу озаты болса, оқу жылының соңында олардың саны 4 418-ге жетіп, 702 оқушыға артты. Сол сияқты екпінді оқушылар саны да едәуір өсті. І тоқсанда 7 389 оқушы жақсы көрсеткішпен оқыса, жыл соңында бұл көрсеткіш 8 050 оқушыға жетіп, 661 оқушыға көбейді.

Жалпы алғанда, жылдық қорытынды бойынша озаттар мен екпінділердің саны 12 468 оқушыны құрап, аудан мектептеріндегі білім алушылардың 60,99 пайызын қамтыды. Бұл көрсеткіш аудан мектептеріндегі білім беру сапасының тұрақты жақсарып келе жатқанын дәлелдейді.

Жүргізілген талдау ауданның білім сапасын бұдан әрі де көтеруге мүмкіндік беретін нақты резервтердің бар екенін көрсетті. Жылдық қорытынды бойынша 241 оқушы тек бір пәннен «4» бағасын алғандықтан оқу озаты атана алмады. Бұл оқушылармен жеке жұмыс жүргізу, пәндік қолдау көрсету және білімдегі олқылықтарды жою арқылы келесі оқу жылында үздіктер қатарын едәуір арттыруға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, 403 оқушы тек бір пәннен «3» бағасын алып, екпінді оқушылар қатарына қосыла алмады. Бұл оқушылардың біліміндегі кемшіліктерді дер кезінде анықтап, мақсатты әдістемелік жұмыстар ұйымдастыру арқылы ауданның жалпы білім сапасын одан әрі көтеруге болады.

Осы бағыттағы жұмыстар келесі оқу жылындағы негізгі басымдықтардың бірі болмақ. Әрбір оқушының біліміндегі олқылықтарды жеке талдау, пән мұғалімдерінің кәсіби қолдауын күшейту және ата-аналармен тығыз байланыс орнату білім сапасының тұрақты өсуіне ықпал етеді.

2025–2026 оқу жылының қорытындылары Түлкібас ауданында білім беру саласында жүргізілген жұмыстардың тиімділігін көрсетті. Әдістемелік кабинет пен мектеп әкімшіліктерінің үйлесімді жұмысы, педагогтердің кәсіби ізденісі және тоқсандық жиынтық бағалауларға жүйелі дайындық оқушылардың біліміндегі олқылықтарды азайтып, оқу жетістіктерін арттыруға мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар