Кітап оқу – баланың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дүниесін байытатын, білімге деген қызығушылығын арттыратын маңызды құралдардың бірі. Осыны негізге ала отырып, Жетісай ауданында оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, олардың оқырмандық белсенділігін арттыру және кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

Түркістан облысы білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы «Балалар кітапханасы» жобасы аудан мектептерінде кеңінен қолға алынған. Жобаның негізгі мақсаты – оқушыларды кітап оқуға баулу, олардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту, ізденушілік қабілеттерін арттыру және кітапты өмірлік серік етуге тәрбиелеу.
Бүгінде Жетісай ауданындағы 77 білім беру ұйымында «Балалар кітапханасы» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мектеп кітапханаларында оқушылардың талап-тілектерін ескере отырып, кітап қорын тиімді пайдалану, оқырмандармен жеке жұмыс жүргізу және түрлі мазмұнды іс-шаралар ұйымдастыру жолға қойылған.
Кітап оқуды насихаттау бағытында жүзеге асырылған маңызды жобалардың бірі – «Мен оқыған бір кітап» байқауы. Бұл жоба оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыруға, оқыған шығармалары арқылы адамгершілік, имандылық, отансүйгіштік қасиеттерді бойына сіңіруге бағытталған.
Жоба барысында оқушылар өздері оқыған кітаптары туралы ой бөлісіп, шығарманың мазмұнына талдау жасап, кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы өмірлік құндылықтарды саралады.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда отбасының рөлі ерекше. Осы бағытта «Балалар кітапханасы» және «Оқуға құштар мектеп» жобалары аясында «Отбасылық оқу» байқауы ұйымдастырылды. Жобаның басты мақсаты – ата-ана мен баланың бірге кітап оқу дәстүрін қалыптастыру, отбасы мүшелерінің кітапқа деген қызығушылығын арттыру және баланың оқу дағдысына ата-ананың ықпалын күшейту.
Отбасымен бірге кітап оқу арқылы балалардың әдеби шығармаларға қызығушылығы артып, олардың дүниетанымы кеңейеді. Сонымен қатар, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыс нығайып, кітап оқу отбасылық құндылықтардың біріне айналуда.
«Оқуға құштар мектеп» ұлттық жобасы аясында Жетісай ауданында оқушылардың, педагогтердің, кітапханашылардың және ата-аналардың қатысуымен түрлі жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың оқырмандық мәдениетін арттыру, кітап оқуға деген тұрақты қызығушылық қалыптастыру және білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалардың бірі – «Ұжымдық оқу сағаты» жобасы. Аталған жоба педагогтер арасында ұйымдастырылып, мұғалімдердің әдеби шығармаларды бірге оқып, талқылауына мүмкіндік берді. Ұжымдық оқу барысында педагогтер шығармалардың мазмұнын талдап, негізгі идеясын ашып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Балалардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды ұйымдастыру мақсатында «Демалыста оқы, ойлан, арманда» атты жобасы қолға алынды. Жоба аясында күзгі, қысқы және көктемгі демалыс кезеңдерінде оқушыларды кітап оқуға тартуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілді. Балалар демалысты тек тынығу кезеңі ретінде емес, рухани дамуға, жаңа білім алуға және пайдалы әдет қалыптастыруға мүмкіндік беретін уақыт ретінде өткізуде. Мектеп кітапханаларында ұйымдастырылған кітап оқу сағаттары, әдеби кездесулер, пікірталастар мен шығармашылық жұмыстар оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып келеді.
Кітап оқу мәдениетін дамыту бағытындағы тағы бір маңызды бастама – Түркістан облысының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ ұйымдастырған «Оқуға құштар мектеп» ұлттық жобасы аясындағы «KitapXAH@» кітап оқу әдісі. Аталған жобаға аудан оқушылары, педагогтері және ата-аналары белсенді қатысып, жоғары нәтижелер көрсетуде. Жоба аясында қатысушылар кітап оқып қана қоймай, шығармаларды талдау, өз ойын жеткізу және оқыған кітабы бойынша пікір білдіру дағдыларын жетілдіруде. Жетісай ауданынан қатысқан оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар түрлі кезеңдерде жүлделі орындарға ие болып, ауданның кітап оқу бағытындағы жетістіктерін танытып келеді.
Жалпы алғанда, Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар оқушылардың оқу белсенділігін арттыруға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және олардың шығармашылық әрі зияткерлік әлеуетін дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.