Редакция таңдауы

Бәйдібек ауданында мұғалімдердің еңбегі ерекше бағалануда

Білім сапасының басты көрсеткіші – кәсіби білікті әрі шығармашыл педагог. Сондықтан, Бәйдібек ауданында мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, олардың еңбегін лайықты бағалау және педагог мамандығының қоғамдағы беделін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Осы мақсатта ауданда Қазақстан Республикасының «Білім озаты» төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Шәмшібек Байзақовтың құрметіне арналған «ОЗАТ ҰСТАЗ – 2024» аудандық байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Дәстүрге айналып келе жатқан бұл байқау аудан педагогтері арасында жыл сайын өткізілді. Байқаудың басты мақсаты – жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесін насихаттау, кәсіби шеберлікті арттыру, шығармашылық ізденісті қолдау және педагогтердің қоғамдағы мәртебесін көтеру.

Байқау жеңімпаздарына қомақты қаржылай сыйақылар табысталды. Атап айтқанда, бас жүлде иегеріне 1 миллион теңге, екінші орынға – 700 мың теңге, үшінші орынға – 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Сонымен қатар, түрлі аталымдар бойынша үздік деп танылған педагогтерге 100 мың теңгеден қаржылай сыйлықтар табысталды. Мұндай ынталандыру шаралары мұғалімдердің кәсіби белсенділігін арттырып қана қоймай, сапалы білім беруге ұмтылысын күшейтіп, үздік тәжірибелердің кеңінен таралуына оң ықпал етуде.

Ауданда дарынды оқушыларды дайындап, республикалық деңгейдегі білім додаларында жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздардың еңбегі де ерекше бағалануда. Республикалық кезеңде жүлделі орын иеленген оқушыларды дайындаған педагогтердің әрқайсысына 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы тағайындалды. Бұл бастама мұғалімдердің оқушылармен нәтижелі жұмыс жүргізуіне қосымша ынталандыру болып табылады.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдары арасындағы өзара бәсекелестікті арттыру және сапалы білім көрсеткіштерін жақсарту мақсатында аудан мектептерінің рейтингі тұрақты түрде сараланып келеді. Рейтинг қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен мектептер 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақымен қатар, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту бағытындағы жұмыстар да тұрақты жүргізілуде. 2025–2026 оқу жылында Бәйдібек ауданы облыстық білім беруді дамыту орталығы белгілеген жоспарлы межені артығымен орындап, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарымен 100 пайыз қамтылды. Бұл көрсеткіш аудан педагогтерінің кәсіби дамуға деген жоғары жауапкершілігін және үздіксіз білім жетілдіруге ұмтылысын айғақтайды.

Біліктілікті арттыру курстары барысында педагогтер заманауи оқыту әдістерін, цифрлық білім беру технологияларын, бағалаудың жаңа тәсілдерін және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған тиімді тәжірибелерді меңгерді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттыруға және оқу-тәрбие процесінің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар