Редакция таңдауы

Келешек мектеп директорлары Қытайда жасанды интеллект бойынша тағылымдамадан өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу және педагогтердің кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіру – уақыт талабы екенін атап келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында қазақстандық педагогтердің халықаралық тәжірибені меңгеруі білім сапасын арттырудың маңызды тетігіне айналуда.

Осы мақсатта Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы Шыңжаң педагогикалық университетінде «Жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесінде қолдану» тақырыбында халықаралық біліктілікті арттыру семинары ұйымдастырылды. Тағылымдама білім беру саласындағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге, заманауи технологияларды оқу үдерісіне тиімді енгізуге және білім беру ұйымдарының басшыларын жаңа басқару тәсілдеріне бейімдеуге бағытталды.

Халықаралық семинарға Қазақстанның әр өңірінен іріктелген 49 педагог қатысты. Олардың қатарында Түркістан облысынан «Келешек мектеп директоры» жобасының бес қатысушысы білімдерін жетілдіріп, халықаралық сертификатқа ие болды. Бұл – өңір педагогтерінің кәсіби әлеуеті мен халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға дайын екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Жеті күнге созылған оқу бағдарламасы аясында қатысушылар Smart School тұжырымдамасы, цифрлық білім беру экожүйесі, Learning Analytics және Big Data технологиялары, білім беру ұйымдарын деректерге негізделген басқару, генеративті жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне тиімді енгізу, педагогтердің AI-құзыреттілігін дамыту және білім беру менеджментінің заманауи бағыттары бойынша теориялық әрі практикалық білім алды.

Тағылымдама барысында қазақстандық педагогтер Үрімші қаласындағы инновациялық мектептердің жұмысымен танысып, білім беру ұйымдарын цифрлық басқару жүйесін, жасанды интеллект көмегімен оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру және білім сапасын арттырудың халықаралық тәжірибесін зерделеді. Мұндай тәжірибе білім беру ұйымдарын басқарудың тиімділігін арттыруға және цифрлық шешімдерді оқу үдерісіне кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Халықаралық семинарда жинақталған білім мен тәжірибе алдағы уақытта Түркістан облысының білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізілмек. Бұл жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту, деректерге негізделген басқару жүйесін жетілдіру және инновациялық білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың сапасын арттыруға ықпал етеді.

Түркістан облысының білім басқармасы педагогтердің кәсіби дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Халықаралық тәжірибені өңір мектептеріне енгізу, білім беру жүйесін цифрландыру, заманауи басқару тәсілдерін дамыту және сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Бүгінде білім саласындағы цифрлық өзгерістер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – уақыттың басты талабы. Сондықтан халықаралық тағылымдамадан өткен педагогтердің тәжірибесі өңірдегі білім беру ұйымдарының дамуына тың серпін беріп, жаңа формациядағы мектеп басшыларын қалыптастыруға және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге қызмет ететін болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар