Редакция таңдауы

Жетісайда жыл үздіктері марапатталды

Жетісай ауданы Қаныш Сәтбаев атындағы мәдениет үйінде білім саласы қызметкерлерінің мерейін үстем еткен айтулы шара өтті. Жетісай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл үздіктері – 2026» марапаттау рәсімі бір оқу жылының қорытындысын шығарып қана қоймай, ауданның білім беру жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздар мен сала мамандарының еңбегін ел алдында ұлықтаған тағылымды басқосуға айналды.

Ұстаз – ұлттың болашағын тәрбиелейтін тұлға. Сондықтан, қоғамдағы ең жауапты әрі ең құрметті мамандық иелерінің бірі саналатын педагогтердің қажырлы еңбегін бағалау қай кезеңде де маңызды. Осы мақсатты көздеген салтанатты шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық білім бөлімінің басшысы Толқын Тілекқызы Айгенжиева, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұхамеджан Спарханов және білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздар қауымы қатысты.

Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Серік Мамытов білім саласының аудан дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға алғысын білдіріп, олардың кәсіби жетістіктері ауданның ғана емес, тұтас елдің дамуына қосылған үлес екенін айтты.

– Білімді ұрпақ – мемлекетіміздің ең басты байлығы. Ал, сол ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздардың еңбегі қашанда жоғары бағалануға тиіс. Бүгінгі марапат – сіздердің бір жыл бойы атқарған жемісті жұмыстарыңыздың нәтижесі, – деді аудан басшысы.

Салтанатты жиын барысында білім бөлімінің басшысы Толқын Айгенжиева мен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұхамеджан Спарханов оқу жылының қорытындысы бойынша үздік деп танылған педагогтер мен қызметкерлерге арнайы марапаттар табыстады. Жеңімпаздарға дипломдармен бірге қаржылай сертификаттар, Сарыағаш шипажайына және Қырғыз Республикасындағы Ыстықкөлге жолдамалар берілді.

Биылғы байқауда білім беру ұйымдарының басшылары, орынбасарлары, пән мұғалімдері, қосымша білім беру педагогтері, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері және сала мамандары бірнеше аталым бойынша марапатталды. Әрбір номинация кәсіби шеберлік пен табанды еңбектің нәтижесін айқындайтын маңызды көрсеткіш ретінде бағаланды.

«Үздік бастауыш сынып мұғалімі» номинациясы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының мұғалімі Гулвира Уалиеваға табысталса, «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» аталымының жеңімпазы Т.Рысқұлов атындағы №20 жалпы білім беретін мектептің ұстазы Гаухар Торекулова болды. Бұл педагогтер өздерінің кәсіби шеберлігімен ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі табысты жұмыстарымен ерекшеленіп келеді.

Сонымен қатар, пән мұғалімдері арасында да үздіктер анықталды. Олардың қатарында орыс тілі пәнінің мұғалімі Қойтанова Гулия Әбдіқадырқызы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ангела Назарбекова, математика пәнінің мұғалімі Мақсат Жақып, физика пәнінің мұғалімі Ғалымжан Бакиров, химия пәнінің мұғалімі Жадра Ізтілеуова, биология пәнінің мұғалімі Назира Битанова, информатика пәнінің мұғалімі Уралбай Джурунбаев, география пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Надиров, тарих пәнінің мұғалімі Роза Тлеуова, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Гүлмира Мынжасарова, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ерболат Жуманазаров және музыка пәнінің мұғалімі Кенжехан Ақылов бар. Аталған ұстаздар аудан оқушыларының түрлі білім сайыстары мен олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетуіне зор үлес қосып, білім сапасын арттыру бағытында нәтижелі еңбек етіп келеді. Олардың шәкірттері республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда аудан намысын абыроймен қорғап жүр.

Шара барысында мектептің тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық қызметтерінде жемісті еңбек етіп жүрген мамандар да назардан тыс қалмады.

Білім беру ұйымдарын басқару ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізген басшылар мен орынбасарлар да марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында №7 «Тұран» мектеп-гимназиясының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұхтар Ақтаев, Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Малика Лесбекова және №11 «Жеңіс» мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалимжан Аманов болды.

Жиында көп жылғы тәжірибесімен ауданның білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар білім саласының ардагерлері мен басшылары арнайы марапаттарға ие болды.

Марапаттау рәсімі мерекелік концертпен жалғасты. «Жыл үздіктері – 2026» марапаттау рәсімі – білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, олардың кәсіби жетістіктерін кеңінен насихаттаған маңызды іс-шара болды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар