Редакция таңдауы

Жетісайда жаңа 200 орындық мектеп салынып жатыр

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданына арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысын, инвестициялық жобалардың іске асырылуын және жол-көлік саласындағы жұмыстардың орындалуын зерделеді.

Жұмыс сапары Жетісай қаласының аумағын кеңейту мақсатында бөлінген 80 гектар аумақта салынып жатқан арендалық тұрғын үйлердің құрылыс алаңынан басталды. Облыс әкімінің орынбасары мердігер мекеме өкілдерімен және жауапты сала мамандарымен кездесіп, құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды, жұмыстарды бекітілген өндірістік кестеге сәйкес уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі талаптарын мүлтіксіз сақтап, барлық техникалық нормалардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Сапар барысында Еркебұлан Дауылбаев күрделі жөндеуді қажет ететін Жетісай қаласындағы «Б.Момышұлы» мектебі мен Асықата кентіндегі «Қайнар» мектеп-гимназиясының, сондай-ақ қосалқы мектеп-интернатының жай-күйімен танысты. Бұдан бөлек, Жетісай қаласында салынып жатқан жаңа буынды дамыту орталығының және Абай ауылдық округіндегі 200 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары да назарға алынды.

Әлеуметтік маңызы жоғары нысандарды аралау барысында құрылыс қарқыны, орындалу сапасы және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелері жан-жақты талқыланды. Жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру, белгіленген мерзімдерді сақтау және нысандарды уақытылы пайдалануға беру бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімдігінде арнайы мәжіліс өтті. Онда зерделеу барысында анықталған кемшіліктер сараланып, оларды қысқа мерзімде жою тетіктері қарастырылды. Сонымен қатар аудандағы құрылыс саласын дамыту, инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен ауданның сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу мерзімдерін белгіледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар