Түркістан қаласындағы №32 жалпы білім беретін «Келешек» мектебінде қыздар мен ұл балаларға арналған ерекше шығармашылық үйірмелер жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі – оқушылардың қызығушылығын арттырып, эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталған «Изонить техникасы» үйірмесі.
Үйірмеге 8–9 сынып оқушыларының ішінен іріктелген 10 оқушы қатысады. Аптасына екі рет өткізілетін сабақтар барысында оқушылар жіп пен геометриялық пішіндерді үйлестіре отырып, ерекше көркем жұмыстар жасауды үйренеді. Әрбір сабақта түрлі композициялар құрастырылып, оқушылар өз қиялдары мен шығармашылық идеяларын еркін жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Үйірменің басты мақсаты – оқушыларды қолөнердің заманауи бағыттарымен таныстыру ғана емес, сонымен қатар олардың бойында ұқыптылық, шыдамдылық, жауапкершілік және еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыру. Сонымен бірге, өнер арқылы әсемдікті сезіне білуге баулып, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту көзделген. Мектеп қабырғасында ұйымдастырылып отырған мұндай тағылымды үйірмелер ұлттық қолөнер мен дәстүрді жаңғыртуға да ықпал етуде. Оқушылар жіппен жұмыс жасау арқылы тек техникалық дағдыларын дамытып қана қоймай, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, оны заманауи бағытта меңгеруге мүмкіндік алуда.
Бүгінде «Келешек» мектептерінде қолға алынған мұндай қосымша білім беру жобалары оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға және болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыт қалыптастыруға үлкен үлес қосуда. Осылайша, Түркістандағы №32 мектептегі «Изонить техникасы» үйірмесі білім мен өнерді ұштастырған, оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашқан маңызды бастамалардың бірі болып отыр.