Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылдық округінде санитариялық тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау және қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында кезекті бақылау жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында ауыл көшелерінің, қоғамдық орындардың, тұрғын үйлердің аулалары мен оларға іргелес аумақтардың санитариялық жағдайы назарға алынды. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару, аулалар мен көшелерді таза ұстау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бақылау нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды. Атап айтқанда, бір тұрғынға ескерту беріліп, екі тұрғынға әкімшілік айыппұл салынды.
— Мұндай бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты – заң талаптарын бұзған азаматтарды жауапкершілікке тартумен ғана шектелмей, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың тазалық пен тәртіпке деген жауапкершілігін арттыру. Елді мекеннің тазалығы мен көркі – тұрғындардың мәдениеті мен ортақ жауапкершілігінің айнасы. Сондықтан әр азамат өз ауласы мен айналасын таза ұстап, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару талаптарын сақтауы маңызды, — делінген Жүйнек ауылдық округінің әкімдігі таратқан ақпаратта.