Редакция таңдауы

Созақ ауданында балабақшаларда материалдық-техникалық база жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – баланың жан-жақты дамуының алғашқы әрі маңызды кезеңі. Осы бағытта Созақ ауданында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қолжетімділігін арттыру, тәрбиемен толық қамту және материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда Созақ ауданында 39 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 17 мемлекеттік балабақшада 2459 бала, ал 22 жекеменшік балабақшада 1750 бала тәрбиеленуде. Жалпы 2–6 жас аралығындағы 4209 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Бұл – мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі.

Ауданда балабақшалардағы орын тапшылығын болдырмау мақсатында бірқатар тиімді шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік білім беру тапсырысы жүйелі түрде орналастырылып, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қажеттілікке қарай қосымша топтар ашылып, қолданыстағы бос орындарды тиімді пайдалану тетіктері енгізілген.

Балабақшаға қабылдау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында кезек электрондық жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл ата-аналарға өтініш беру мен кезек қозғалысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беріп, қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруда.

Мектепке дейінгі ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Балабақшалар қажетті жиһаздармен, оқу-әдістемелік құралдармен, ойын және балалардың жан-жақты дамуына арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлық топ бөлмелері санитариялық талаптарға сәйкес жабдықталып, тәрбиеленушілердің қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына жағдай жасалған.

Сонымен қатар, материалдық-техникалық база жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылып, білім беру үдерісіне қажетті жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылуда. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мектепке дейінгі ұйымдарда бейнебақылау жүйелері, өрт қауіпсіздігі құрылғылары мен дабыл жүйелері орнатылған.

Жалпы алғанда, Созақ ауданында мектепке дейінгі білім беру саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар балаларды сапалы тәрбиемен толық қамтуға, олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне және ерте жастан жан-жақты дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар