Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырумен қатар, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге де бағытталған. Осыған орай Сауран ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық орындардағы тазалықты сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кезекті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Іс-шараға арнайы құрылған мобильді топ мүшелері қатысып, аудан аумағындағы саябақтар, скверлер, өзен жағалаулары, демалыс орындары және тұрғындар көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктерді аралады. Рейд барысында санитарлық талаптардың сақталуы, қоғамдық орындардың тазалығы және абаттандыру қағидаларының орындалуы жіті бақылауға алынды.
Тексеру нәтижесінде тазалық талаптарын бұзудың 53 дерегі анықталды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес 38 азаматқа ескерту жасалып, 15 азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 648 750 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтердің басты мақсаты – азаматтарды жазалау емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоғамдық орындарды таза ұстауға деген жауапкершілігін арттыру. Осыған байланысты рейд барысында тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық орындарды ластамау және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сауран ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы рейдтік және профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру және қоғамда тазалық пен заңға құрмет мәдениетін орнықтыру.