Редакция таңдауы

Сауранда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде

Кітап – білім мен рухани құндылықтың қайнар көзі. Оқушылар арасында кітап оқуға қызығушылықты арттыру, оқу сауаттылығын дамыту және жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін көтеру мақсатында Сауран ауданындағы білім беру ұйымдарында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Аудандағы 40 жалпы білім беретін мектепте «Оқуға құштар мектеп» ұлттық жобасы бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру, мектеп кітапханаларының қызметін жетілдіру және оқырман мәдениетін қалыптастыру бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Қазіргі таңда аудан мектептерінің кітапхана қорында 874 464 дана кітап бар. Оның ішінде 135 685 данасы көркем әдебиетті құраса, 738 779 данасы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерден тұрады. Мектеп кітапханаларының тұрақты оқырман саны – 16 456, кітапханаға келушілер саны – 95 112, ал кітап беру көрсеткіші – 231 225 дананы құрайды. Білім беру ұйымдарында 40 кітапхана жұмыс істеп, оларға 57 кітапхана меңгерушісі қызмет көрсетуде.

Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету бағытында да маңызды жұмыстар атқарылуда. 2025-2026 оқу жылында оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңарту мақсатында жаңа басылымдарға тапсырыс беріліп, мектептерге жеткізілді. Атап айтқанда, 4-сыныпқа «Жаратылыстану», 7-сыныпқа «Қазақ әдебиеті», «Орыс тілі және әдебиеті», «Ағылшын тілі», «Алгебра», «Геометрия», «Биология», «Химия», «Физика», «Қазақстан тарихы», «Көркем еңбек» пәндері бойынша, сондай-ақ 7-8 сыныптарға «Қазақстан тарихы», «География», 10-11 сыныптарға «Алғашқы әскери дайындық», 11-сыныпқа «Құқық негіздері» оқулықтары алынды.

Жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендердің 61 833 данасы барлық мектептерге таратылып, оқушылар 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді.

«Оқуға құштар мектеп» ұлттық жобасы аясында оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі шығармашылық және танымдық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «Аптасына бір кітап», «Отбасымен бірге оқимыз», «Кітап оқыдым – пікір жаздым», «Үздік оқырман» байқауы, «Мен ұсынған кітап» акциясы, «Кітапханаға саяхат», «Бір сынып – бір кітап», «Кітаппен өткен демалыс» жобалары оқушылар арасында үлкен қызығушылыққа ие болды.

Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында «Абайды оқимыз», «Қазақ ертегілері әлемі», «Тарихи тұлғалар кітап беттерінде», «Ұлттың ұлы тұлғалары», «Тарихты кітап арқылы танимыз» сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар оқушылардың отандық әдебиетке, тарихқа және ұлттық мұраға деген құрметін арттыруға бағытталған.

Заманауи талаптарға сай цифрлық оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында да жұмыстар жүргізілуде. Мектептерде «QR-кодтағы кітаптар», «Электронды кітапхана», «BookTalk кітап талдау» жобалары ұйымдастырылып, оқушылардың цифрлық ресурстар арқылы білім алу мүмкіндіктері кеңейтілуде.

Кітапхана қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында 2025-2026 оқу жылында 4 тәжірибелік семинар, 2 оқыту семинары, 2 дөңгелек үстел және кітап авторларымен кездесулер өткізілді.

Жалпы, Сауран ауданындағы «Оқуға құштар мектеп» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, оқу сауаттылығын дамытуға және рухани-мәдени құндылықтарды қалыптастыруға оң ықпал етуде. Жоба аясындағы іс-шараларға барлық білім беру ұйымдарының оқушылары белсенді қатысып, кітаппен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін меңгеруде.

Кітап оқитын ұрпақ – ойы терең, білімі мол, рухани бай тұлға. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мектеп кітапханалары білім мен ізденістің маңызды орталығы ретінде дами бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар