Редакция таңдауы

Сауранда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар жалғасуда

Білім беру инфрақұрылымын жаңарту, оқушылар үшін заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында елімізде жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы Сауран ауданында да өз нәтижесін беруде.

Жоба аясында аудан аумағында 3 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Иассы ауылдық округінде 600 орындық №4 жалпы білім беретін мектеп, Шорнақ ауылдық округінің Аша ауылында 600 орындық №5 жалпы білім беретін мектеп және С.Қожанов ауылында 300 орындық С.Қожанов атындағы жалпы білім беретін мектеп өз жұмысын бастады.

Қазіргі таңда аталған білім беру ұйымдары толық пайдалануға беріліп, оқу-тәрбие үдерісі жаңа талаптарға сай жүргізілуде. Жаңа мектептер заманауи үлгіде жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына, педагогтердің тиімді жұмыс істеуіне және білім беру үдерісін жаңаша ұйымдастыруға мүмкіндік беретін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген.

«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған жаңа нысандардың іске қосылуы ауданның білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етті. Атап айтқанда, аудандағы екі үш ауысымды мектептің мәселесі толық шешіліп, С.Қожанов атындағы жалпы білім беретін мектептің бейімделген (ыңғайластырылған) ғимаратта орналасу мәселесі жойылды.

Жаңа мектептердің ашылуы оқушылар үшін қауіпсіз, жайлы және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Білім алушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына, цифрлық технологияларды меңгеруіне және қосымша білім беру бағыттарын дамытуға қолайлы жағдай жасалды.

Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасуда. Қазіргі таңда Бабайқорған ауылдық округінің Абай ауылында Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 300 орындық жаңа ғимаратының құрылысы жүргізілуде.

Аталған мектептің құрылысы 2025 жылы басталып, нысанды 2026 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа білім ордасының іске қосылуы ауыл оқушыларының сапалы білім алуына қосымша мүмкіндік беріп, оқу процесін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға жағдай жасайды.

Жаңа мектепте білім алушылар үшін заманауи пәндік кабинеттер, қажетті оқу құрал-жабдықтары және қолайлы инфрақұрылым қарастырылмақ. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыруға, оқушылардың жан-жақты дамуына және педагогтердің кәсіби қызметін тиімді жүзеге асыруына оң әсер етеді.

Қорыта айтқанда, Сауран ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар білім беру инфрақұрылымын дамытуға, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және әрбір оқушыға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауға бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар