ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Қуанышқызының Түркістан облысына жұмыс сапары аясында азаматтарды жеке қабылдауы өтті.

Қабылдауға алдын ала жазылған 10-нан астам азамат қатысып, білім беру саласына қатысты өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, колледждердегі инклюзивті білім беруді дамыту, мектепке дейінгі ұйымдардағы ваучерлік қаржыландыру жүйесі, жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетіктері, сондай-ақ білім беру ұйымдарының қызметін жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.
Жеке қабылдауға педагогтер, білім саласының мамандары, ата-аналар мен қоғам белсенділері қатысып, өзекті сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әрбір азаматтың өтініші мұқият тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша заңнама аясында тиісті түсіндірмелер берілді.
Вице-министр білім беру жүйесін жетілдіру бағытындағы ұсыныстардың маңыздылығына тоқталып, азаматтардың өтініштері мен бастамалары саланы дамытуда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, көтерілген мәселелердің бірқатары министрлік тарапынан жан-жақты зерделеніп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайтып, білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.