Редакция таңдауы

«Кітап және цифрлық әлем – STEAM»: Ордабасы педагогтерінің жобасы республикада үздік атанды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың маңызын бірнеше мәрте атап өтіп, кітап – білім мен тәрбиенің, ұлттық құндылықтардың басты қайнар көзі екенін айтқан болатын. Осы бағыттағы игі бастамалар бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында жаңа мазмұнмен жалғасып келеді. Соның жарқын дәлелі – Түркістан облысы Ордабасы ауданы педагогтерінің республикалық деңгейдегі кезекті жеңісі.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының ұйымдастыруымен Ақтау және Алматы қалаларында «Табиғат аясында кітап оқу: экологиялық сананы қалыптастырудағы кітап оқудың маңызы» тақырыбында республикалық семинар өтті. Білім беру ұйымдарында кітап оқу мәдениетін дамыту, кітапханалардың заманауи қызметін жетілдіру және озық тәжірибелерді насихаттауға арналған іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 255 кітапхана ісі әдіскері мен мектеп кітапханашысы қатысты.

Семинар барысында Түркістан облысы Ордабасы аудандық білім бөлімінің педагогтері әзірлеген «Кітап және цифрлық әлем – STEAM» инновациялық жобасы жоғары бағаланды. Жоба қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романы негізінде әзірленіп, кітап оқу мәдениетін математика, физика, география және робототехника пәндерімен ұштастырудың тиімді үлгісін ұсынды.

Жобаның басты ерекшелігі – кітапты тек әдеби шығарма ретінде ғана қарастырмай, оны STEAM білім беру жүйесімен сабақтастыру арқылы оқушылардың зерттеушілік қабілетін, шығармашылық әлеуетін және сыни ойлау дағдыларын дамытуға бағытталғанында. Сонымен қатар бұл бастама кітапханалардың білім беру үдерісіндегі жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп, заманауи кітапханалық қызметтің тиімді моделіне айналды.

Қазылар алқасының шешімімен Ордабасы ауданының «Кітап және цифрлық әлем – STEAM» жобасы республика бойынша І орынға ие болып, «Үздік жоба» атанды.

Ордабасы педагогтерінің бұл табысы Түркістан облысының да мерейін үстем етті. Семинар қорытындысында өңір «Үздік облыс» атағына ие болды. Бұл жетістік – облыс педагогтерінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісінің, мектеп кітапханаларының жүйелі жұмысының және білім беру саласында енгізіліп жатқан инновациялық тәжірибелердің нақты нәтижесі.

Түркістан облысының білім басқармасы республика көлемінде өңірдің абыройын асқақтатып, үздік нәтиже көрсеткен Ордабасы аудандық білім бөлімінің педагогтерін құттықтап, алдағы уақытта да шығармашылық ізденістер мен жаңа жобалардың жалғасын табуына тілектестік білдірді.

Бұл жеңіс – кітап оқу мәдениетін заман талабына сай жаңа деңгейге көтерудің, білім мен цифрлық технологияларды тиімді ұштастырудың жарқын үлгісі. Осындай тың бастамалардың арқасында жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығы артып, шығармашылық және ғылыми әлеуеті нығая түсетіні сөзсіз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар