Білім сапасын арттыру – бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Әсіресе, ауыл мектептеріндегі оқыту деңгейін көтеру, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру және оқушыларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау – мемлекет назарындағы маңызды бағыттардың қатарында. Осы мақсатта Сауран ауданында 2025–2026 оқу жылында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып, олардың ішінде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы ерекше нәтижесімен көзге түсті.

Жоба аясында аудандағы тірек мектеп Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектеп пен магниттік мектептер, атап айтар болсақ, Серт, М.Балақаев атындағы, Ы.Алтынсарин және Қаражон жалпы білім беретін мектептері арасында жүйелі ынтымақтастық орнатылды. Бірлескен жоспарға сәйкес ұйымдастырылған жұмыстардың негізгі мақсаты ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту, тәжірибе алмасу және шағын жинақты мектептерге әдістемелік қолдау көрсету болды.
Оқу жылы бойы тірек мектептің тәжірибелі педагогтері магниттік мектептерге арнайы барып, ашық сабақтар, коучингтер, шеберлік сыныптары мен әдістемелік күндер өткізді. Сабақ барысында саралап оқыту әдістері, заманауи педагогикалық технологиялар, қалыптастырушы бағалау тәсілдері және цифрлық білім беру ресурстары тиімді пайдаланылды. Мұндай кездесулер мұғалімдердің кәсіби ізденісін арттырып қана қоймай, жаңа әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізуге мүмкіндік берді.
Жоба шеңберінде оқу жылы ішінде 16 онлайн ашық сабақ, 15 көшпелі офлайн ашық сабақ және 2 шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға тірек және магниттік мектептердің мұғалімдері белсенді қатысып, өзара тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстарын нығайтты.
Сонымен қатар, білім беру үрдісінде әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген Lesson Study зерттеу тәсілі кеңінен қолданылды. Бірлескен сабақтарды жоспарлау, өткізу және талдау арқылы педагогтердің зерттеушілік мәдениеті қалыптасып, кәсіби ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Әрбір өткізілген іс-шараның материалдары жинақталып, мектептің ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланып отырды. Бұл тәжірибенің өзге білім беру ұйымдарына да таралуына мүмкіндік берді.
Жоба аясында оқушыларға да ерекше мүмкіндік жасалды. Магниттік мектептердің білім алушылары тірек мектеп базасына келіп, заманауи пәндік кабинеттерде ұйымдастырылған сабақтарға қатысты. Олар STEM, робототехника және информатика кабинеттерінің жұмысымен танысып, оқу-зерттеу жұмыстарын жүргізудің жаңа тәсілдерін меңгерді. Мұндай тәжірибе оқушылардың ғылым мен технологияға қызығушылығын арттырып, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ықпал етті. Сонымен қатар олардың болашақ мамандық таңдауға деген көзқарасы қалыптасып, кәсіби бағдар алуына оң әсерін тигізді.
Жүйелі жүргізілген жұмыстар нақты нәтижесін де көрсетті. Оқу жылының қорытындысы бойынша магниттік мектептердегі білім сапасы айтарлықтай жақсарды. Атап айтқанда, Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектепте білім сапасы 57 пайыздан 60,5 пайызға дейін өсті. Қаражон шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінде бұл көрсеткіш 59 пайыздан 61,39 пайызға, Серт мектебінде 59,8 пайыздан 61,4 пайызға көтерілді. Ал Ы.Алтынсарин атындағы мектепте білім сапасы 55,6 пайыздан 58,2 пайызға, М.Балақаев атындағы мектепте 52 пайыздан 58,09 пайызға дейін артты.
Білім сапасының жақсаруы оқушылардың жетістіктерінен де айқын байқалды. Аудан мектептерінің оқушылары пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларына белсенді қатысып, аудандық және облыстық деңгейде жүлделі орындар саны артты. Бұл – педагогтердің жүйелі еңбегі мен сапалы әдістемелік қолдаудың нақты нәтижесі.
Сонымен қатар, мұғалімдердің авторлық жобалары әзірленіп, озық педагогикалық тәжірибені тарату жұмыстары жанданды. Бұл аудан мектептеріндегі әдістемелік жұмыстың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Жалпы, «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы тірек және магниттік мектептердің өзара тиімді ынтымақтастығын қалыптастырып қана қоймай, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, әдістемелік қолдауды күшейтуге және ең бастысы ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсартуға елеулі үлес қосты. Мұндай жобалар білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтып, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып қала береді.