Редакция таңдауы

2026–2027 оқу жылына балаларды 1-сыныпқа қабылдау басталды

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша оқыту үшін ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік қызметін көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы бірлескен бұйрығына сәйкес, Түркістан облысы бойынша 1-сыныпқа құжат қабылдау 2026 жылғы 29 маусымнан басталды.
Қабылдау процесі «OQU» ұлттық білім беру платформасы арқылы іске асырылады. Аталған платформа «Электрондық үкімет» (egov.kz) веб-порталымен интеграцияланған. Осыған сәйкес, ата-аналар немесе заңды өкілдер баласын 1-сыныпқа қабылдау туралы өтінімді «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жолдайды. Жолданған өтінім автоматты түрде «OQU» ұлттық білім беру платформасына түсіп, білім беру ұйымдары тарапынан қаралып, қабылдау рәсімі жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, егер бала мектепалды даярлық сыныбын сол білім беру ұйымында аяқтап, оқуын осы мектепте жалғастыратын болса, ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші негізінде 1-сыныпқа қабылдау автоматты түрде жүзеге асырылады.
Аталған пилоттық жобаның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарына қабылдау процесін толық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру, ата-аналарға қолайлы әрі ашық қызмет көрсету ортасын қалыптастыру, сондай-ақ өтінімдерді қабылдау және қарау рәсімдерінің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ету болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар