Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде елді мекендердің тазалығын сақтау, абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Осы бағыттағы кезекті жалпыхалықтық сенбілік Сауран ауданында ұйымдастырылды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен және қолдауымен Шорнақ ауылдық округінде өткен тазалық шарасының мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыру.
Сенбілікке ауыл тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілерді қоса алғанда 700-ге жуық адам қатысты. Тазалық жұмыстары барысында 12 арнайы техника жұмылдырылып, ауыл ішіндегі көшелер, қоғамдық орындар, жол жиектері және ортақ пайдаланылатын аумақтар тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
Нәтижесінде Шорнақ ауылдық округі аумағынан 15 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, белгіленген орындарға жеткізілді. Сонымен қатар, аумақтарды ретке келтіру, санитарлық тазалықты сақтау және елді мекеннің көркін жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жалпыхалықтық сенбілік – тек тазалық шарасы ғана емес, тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға үндейтін маңызды бастама.
Сауран ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталатын болады.