Редакция таңдауы

Сауранда «Таза су айдындары» экологиялық акциясы ұйымдастырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды сақтау бағытындағы жұмыстар Сауран ауданында жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Оранғай ауылдық округінің аумағындағы Қарашық өзені бойында «Таза су айдындары» экологиялық акциясы өткізілді.

Акцияның негізгі мақсаты – су айдындарының тазалығын сақтау, табиғи экожүйені қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.

Іс-шара барысында еріктілер мен жауапты мекеме қызметкерлері Қарашық өзенінің жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстарды атқарды. Қатысушылар өзен жағалауында жиналған қоқыстарды арнайы орындарға шығарып, табиғи ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.

«Таза су айдындары» акциясы су көздерін ластанудан қорғауға ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарау қағидатын нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.

Сауран ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық акциялар, санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, тұрғындарды табиғатты қорғау ісіне кеңінен тартуға басымдық берілетін болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар