Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өңірлерде санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Осыған орай Сауран ауданы әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте аталған бағыттағы жұмыстарға басымдық берілді.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысы мен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері кеңінен қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сейденбек Ақселеу баяндама жасап, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы мәлімет берді. Сонымен қатар елді мекендердің тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, заңсыз қоқыс орындарының алдын алу және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытында қолға алынған шараларға тоқталды.
Мәжілісте 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындық мәселесі де қаралып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қысқы кезеңге әзірлігі, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі және жоспарланған жөндеу жұмыстарының орындалу барысы талқыланды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Насыр Ербол 2026 жылдың ІІ тоқсанындағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы мен бөлімнің алты айда атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Жиында жоспарлы көрсеткіштердің орындалу деңгейі сараланып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар нақтыланды.
Аппараттық мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты бөлім басшыларына «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеуді, елді мекендердің тазалығы мен көркін сақтау жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындықты белгіленген мерзімде аяқтап, барлық жоспарланған индикаторлық көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар Сауран ауданында алдағы уақытта да тұрақты жалғасып, тұрғындарға қолайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталатын болады.