Редакция таңдауы

«Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында Созақ ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

Балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта қабылданған «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы аясында Созақ ауданында кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – әрбір баланың құқықтарын қорғау, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, психологиялық әл-ауқатын нығайту және сапалы білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау. Осыған сәйкес аудандық білім бөлімі тарапынан балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жоспарлар бекітіліп, білім беру ұйымдарында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Бағдарлама аясында балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Соның ішінде мектептерде буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Білім беру ұйымдарында «ДосболLIKE» және өзге де заманауи антибуллингтік бағдарламалар енгізіліп, психологиялық қызметтің жұмысы күшейтілуде. Бұл бастамалар білім алушылар арасында өзара сыйластық пен сенімге негізделген қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын нығайту мақсатында тәрбиелік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізілуде. Солардың бірі – «Бақыт бастауы – берекелі отбасы» тақырыбындағы отбасылық толағай сайысы. Іс-шара отбасы құндылықтарын дәріптеп, ата-ана мен бала арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Сонымен қатар, «Буллингсіз мектеп: бірге күшейеміз» тақырыбында 10-сынып оқушыларының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оқушыларға буллингтің алдын алу, өзара құрмет пен қолдау мәдениетін қалыптастыру мәселелері түсіндірілді.

«Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында «Қауіпсіз балалық шақ – адами құндылық негізі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізіліп, бала құқықтарын қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру және тәрбиелік жұмыстардың маңыздылығы кеңінен талқыланды.

Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қауіпсіз мектеп – әр оқушының құқығы» тақырыбында 9–10-сынып оқушылары арасында ашық алаң ұйымдастырылды. Кездесу барысында білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, мектептегі қауіпсіз мінез-құлық қағидалары және өзара жауапкершілік мәселелері сөз болды.

Сондай-ақ, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік пен жасөспірімдердің денсаулығына қатысты өзекті мәселелерді қамтыған «Цифрлық дәуір әлеміндегі жасөспірімдердің денсаулығы» тақырыбында «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында аудандық көшпелі семинар-тренинг өткізілді. Іс-шара барысында интернет қауіпсіздігі, цифрлық мәдениет, эмоционалдық денсаулық және зиянды ақпараттың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелер талқыланып, оқушылар мен педагогтерге практикалық ұсыныстар берілді.

Түйіндей келгенде, «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар балалардың құқықтарын қорғауға, олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алып, жан-жақты дамуына бағытталған. Бұл бастамалар өскелең ұрпақтың әл-ауқатын арттырып, олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге қызмет ететін маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар