Редакция таңдауы

Сауран ауданында 120 орындық балабақша пайдалануға беріледі

Баланың алғашқы білім мен тәрбие алатын ортасы – мектепке дейінгі ұйым. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыру, балабақша орындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету және балаларға сапалы тәрбие беру Сауран ауданындағы білім беру саласының негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Қазіргі таңда Сауран аудандық білім бөліміне қарасты 64 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 13 мемлекеттік және 51 жекеменшік балабақша бар. Мектепке дейінгі ұйымдардың санын арттыру және орын тапшылығын азайту мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 99,8 пайызға жетті. Бүгінде аудан аумағындағы 64 балабақшада 6 923 бала тәрбиеленуде. Бұл көрсеткіш мектепке дейінгі білім беру саласындағы қолжетімділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.

Балаларды балабақшамен қамту бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылмен салыстырғанда аудан бойынша 7 жаңа жекеменшік мектепке дейінгі ұйым іске қосылып, қосымша 710 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Жекеменшік балабақшалардың көбеюі ата-аналар үшін таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына жағдай жасауда.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын одан әрі азайту мақсатында жаңа нысандар салу және іске қосу жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы Мәшһүр Жүсіп ауылында 120 орындық жаңа жекеменшік балабақшаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жаңа балабақшаның ашылуы аталған елді мекендегі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейін арттырып қана қоймай, ата-аналарға да үлкен қолдау болмақ.

Сауран ауданында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Негізгі мақсат – әр балаға қолжетімді, сапалы және заманауи талаптарға сай мектепке дейінгі тәрбие беру, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар