Редакция таңдауы

Сауран ауданында білім саласын цифрландыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда

Соңғы жылдары Сауран ауданындағы білім беру ұйымдарында цифрлық технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беруде. Білім беру ұйымдарының заманауи талаптарға сай дамуы үшін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру және білім алушыларға жаңа технологиялармен жұмыс істеу мүмкіндігін қалыптастыру басты бағыттардың біріне айналды.

Аудандағы мектептерде білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Сауран ауданындағы барлық 43 мемлекеттік мектеп бейнебақылау жүйелерімен қамтылған. Бұл жүйелер мектеп аумағындағы қауіпсіздікті бақылауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және білім беру ұйымдарындағы тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқушылардың мектепке келуі мен кетуін бақылау мақсатында электронды кіру жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде. Қазіргі таңда 16 мемлекеттік мектепте заманауи турникеттер орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі – электрондық білім беру жүйелерін дамыту. Бүгінде аудан мектептерінде электрондық журналдар мен күнделіктер кеңінен қолданылып, оқушылардың білім жетістіктерін бақылау, мұғалімдердің оқу үдерісін жоспарлау және ата-аналармен кері байланысты тиімді ұйымдастыру мүмкіндігі артып отыр. Цифрлық платформалар арқылы ата-аналар баласының сабақ үлгерімі, оқу жетістіктері мен мектеп өміріндегі белсенділігі туралы жедел ақпарат ала алады.

Сауран ауданындағы білім беру ұйымдарында оқушылардың ғылыми-техникалық бағыттарға қызығушылығын арттыру мақсатында STEM білім беру жүйесіне ерекше назар аударылуда. Бөлімге қарасты 12 мемлекеттік мектепке 30 жаңа модификацияланған оқу кабинеттері, оның ішінде физика, химия, биология және STEM бағытындағы заманауи кабинеттер жабдықталды. Қазіргі таңда 8 мектепте STEM кабинеттері толыққанды жұмыс жасауда. Атап айтқанда, Сауран жалпы білім беретін мектебі, Т.Айтжанов атындағы жалпы білім беретін мектеп, А.Үсенов атындағы жалпы білім беретін мектеп, М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп, Молда Мұса атындағы жалпы білім беретін мектеп, Аманкелді атындағы жалпы білім беретін мектеп, Ж.Тәшенев атындағы жалпы білім беретін мектеп және Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектептерде оқушылар робототехника, бағдарламалау, инженерлік жобалау және цифрлық технологиялар бағытында білім алуда.

STEM кабинеттерінің іске қосылуы оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға, тәжірибелік жұмыстар жүргізуге және заманауи кәсіптерге ерте бейімделуіне жол ашып отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен жаңадан ашылған 3 «Келешек мектептің» барлық кабинеттері соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл мектептерде білім алушыларға сапалы білім алуға, заманауи технологияларды меңгеруге және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға толық мүмкіндік жасалған.

Білім беру саласындағы цифрлық өзгерістердің тағы бір маңызды бағыты – IT-платформаларды жетілдіру. Облыстық білім басқармасы білім беру платформаларын тиімді пайдалану, оларды біріктіру және педагогтердің жұмысын жеңілдету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, білім беру саласына жасанды интеллект элементтерін енгізу жұмыстары басталды. Соның бірі – педагог-психологтардың қызметін автоматтандыруға бағытталған WeGlobal.AI платформасының пилоттық режимде іске қосылуы. Бұл құрал мамандардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың психологиялық жағдайын бақылау және талдау үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект технологияларын пайдалану алдағы уақытта білім беру сапасын арттырудың, жеке оқыту тәсілдерін дамыту мен басқару шешімдерін тиімді қабылдаудың маңызды құралдарының біріне айналмақ.

Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану үшін педагогтердің кәсіби дағдыларын жетілдіру маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта мұғалімдер үшін цифрлық сауаттылықты арттыруға, электрондық платформалармен жұмыс істеуге және заманауи оқыту әдістерін меңгеруге бағытталған курстар мен біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылуда.

Қазіргі педагог тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар цифрлық құралдарды тиімді қолдана алатын, жаңа технологияларды оқу процесіне енгізе білетін маман болуы қажет. Осы бағыттағы жұмыстар аудан мектептерінде тұрақты түрде жалғасуда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар