Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – білімді әрі бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеудің маңызды негіздерінің бірі екенін үнемі атап келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысында оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған тағылымды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Осындай игі бастамалардың бірі – Түркістан облысы білім басқармасының Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған «Зерделі ұлт – зияткер қоғам» атты зияткерлік хакатон. Фараб кітапханасында өткен танымдық іс-шараның негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен интеллектуалдық әлеуетін дамыту, ұлттық және әлем әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру.
Хакатонға Түркістан облысының аудан-қалаларынан келген 150 оқушы қатысып, білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін, әдеби танымын және шығармашылық белсенділігін сынға салды. Қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындап, өзара пікір алмасып, білім мен парасаттың үлгісін көрсетті.
Іс-шара барысында оқушылар қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерінің шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалап, әдеби кейіпкерлер мен авторлардың шығармаларына негізделген интеллектуалдық тапсырмалар мен викториналарға қатысты. Олар әдеби шығармаларды терең меңгергендерін дәлелдеп, тапқырлықтары мен жылдам ой қорыту қабілеттерін көрсетті.
Хакатонның басты мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастырумен қатар, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ және әлем әдебиетінің үздік туындыларын кеңінен насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани-адамгершілік тәрбиені нығайту болды.
Зияткерлік дода барысында қатысушылардың сыни ойлау дағдылары, өз ойын еркін жеткізу қабілеті мен пікір алмасу мәдениеті де дамытылды. Мұндай іс-шаралар оқушылардың кітап арқылы рухани дүниесін байытып қана қоймай, шығармашылық ізденіске баулиды, білімге деген құштарлығын арттырады және ұлттық құндылықтарды құрметтейтін саналы ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді.
Бүгінде кітапхана тек кітап сақталатын орын ғана емес, жас буынның интеллектуалдық және рухани дамуына қызмет ететін заманауи білім мен мәдениет орталығына айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Зерделі ұлт – зияткер қоғам» хакатоны оқушылардың білім көкжиегін кеңейтіп, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды алаң болды.
Түркістан облысында кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған мұндай тағылымды жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас ұрпақтың білімді, ізденімпаз, рухани бай әрі бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына өз үлесін қоса бермек.