Мақтаарал ауданында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың ғимараттарын жаңарту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жаңа білім беру нысандарын салу ауданның білім саласын дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

2025–2026 жаңа оқу жылына дайындық аясында аудандағы бірқатар білім беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының санитарлық-техникалық жағдайын жақсарту, оқу үдерісіне қолайлы жағдай жасау және ғимараттардың пайдалану мерзімін ұзарту.
Жалпы алғанда, 9 мектеп пен 1 балабақшада ағымдағы жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Аталған жобалар 2026 жылға өтпелі болып табылады. Жөндеу жұмыстары жүргізілген мектептер қатарында №18 «Нұрлы таң» жалпы орта мектебі, Ы.Алтынсарин атындағы №26 жалпы білім беретін мектеп, И.Панфилов атындағы №33 жалпы орта мектеп, Қ.Үкібаев атындағы №37 жалпы орта мектеп, Ш.Бектасов атындағы №38 жалпы орта мектеп, С.Мұқанов атындағы №40 жалпы орта мектеп, А.Навой атындағы №44 жалпы білім беретін мектеп, Әл-Фараби атындағы №47 жалпы білім беретін мектеп, М.Ғабдуллин атындағы №52 жалпы білім беретін мектеп бар.
Сонымен қатар, аудандағы «№2 Арай» бөбекжай-балабақшасына тиісті қаржы қарастырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, балабақшаның материалдық-техникалық жағдайы жақсартылып, тәрбиеленушілер үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырылды.
Білім беру ұйымдарын жаңғырту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – «Реновация» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында 2025 жылы ауданның төрт білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары басталып, олар 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылуда. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептер: №1 «Мырзакент» мектеп-гимназиясы; №5 «Мақтаарал» мектеп-гимназиясы; О.Бапышев атындағы №8 жалпы білім беретін мектебі; №25 «Жаңа жол» жалпы орта мектебі.
Аталған білім беру ұйымдарында ғимараттарды жаңғырту, инженерлік жүйелерді ауыстыру, оқу кабинеттерін заманауи талаптарға сәйкестендіру және қауіпсіздік талаптарын күшейту жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу аяқталғаннан кейін оқушылар мен мұғалімдер үшін заман талабына сай білім беру ортасы қалыптасады.
Мемлекет басшысының 2024–2025 жылдарға арналған «1000 мектеп салу» ұлттық жобасы аясында Мақтаарал ауданында жаңа білім беру нысандарын салу жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Жоба аясында ауданда төрт мектептің құрылысы жоспарланған болатын. Соның ішінде 2025 жылы екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Атап айтқанда, №32 жалпы білім беретін мектебі – 200 орындық, ал «Нұрлы жол» жалпы білім беретін мектебі – 200 орындық. Екі мектеп те 2025 жылдың тамыз айында пайдалануға беріліп, жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашты. Заманауи талаптарға сай салынған білім ордалары оқушылардың сапалы білім алуына және жайлы жағдайда оқуына мүмкіндік беріп отыр.
Білім беру инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында алдағы жылдары да жаңа нысандар салу көзделген. Түркістан облысындағы мектеп құрылысының 2026–2028 жылдарға арналған жоспарына сәйкес Мақтаарал ауданында жалпы 600 орындық төрт мектеп құрылысы жоспарлануда. Олар: Б.Соқпақбаев атындағы 200 орындық мектеп; Айни мектебінің 150 орындық оқу корпусы; Абай мектебінің 150 орындық оқу корпусы; Мақтажан мектебінің 100 орындық жаңа ғимараты.
Бұл жобалар іске асқан жағдайда аудан мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін шешуге, білім беру сапасын арттыруға және оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға үлкен мүмкіндік береді.